Министрліктің жаңалықтары

09.11.2018

«Есік» қорық-музейі кәрі құрлықта

05-07 қараша аралығында Лондон қаласында «WTM London» Халықаралық туризм және саяхат көрмесі өтті. Аталмыш көрмеге қазақстандық туристік орталықтарымен бірге Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі де қатысты. Бұл көрмеде «Есік» қорық-музейі сақ-үйсін тарихына қатысты деректермен бірге қорық-музейдің ғылыми-зерттеу әлеуетін, туристік маршурттарын, әйгілі Алтын адам туралы мәліметтерді, сонымен қатар, Жетісу өңірінің табиғи, тарихи орындарын насихаттады. Көрме экспозициясында «Есік» қорық-музейі тарапынан жарық көрген «Алтын адамның құпиясы» атты жинақ пен Қазақстанның туристік әлеуетін насихаттайтын басқа да кітаптар, қорық-музейді таныстыратын түрлі буклеттер де орын алды.

Аталмыш көрменің ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Е. Ә. Ыдырысов мырза да қатысты. Көрменің арнайы ашылу салтанатында Елші мырза «Еліміздің бай да көркем табиғатымен қатар, терең тарихи тамырын, тарихи-мәдени ескерткіштерін әлемге дәріптеңіздер. Осы арқылы елімізге туристерді тартуға үлес қосыңыздар», - деді. «Есік» қорық-музейінің директоры Г.Р. Мухтарова Елші мырзаға алғысын айта келіп, «Алтын адамның құпиясы» атты жинақты және басқа да кітаптарды тарту етті.

Айта кетейік, «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі бұған дейін де, дәлірек айтсақ 2018 жылдың 25-28 қыркүйегі аралығында Францияның Париж қаласында өткен «İFTM Top Resa 2018» атты Халықаралық көрмеге Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитетінің қолдауымен қатысып қайтқан болатын. Ол көрмеде де «Есік» қорық-музейі, Қазақстанның ежелгі тарихы, мәдениеті, табиғи-тарихи орындары туралы жан-жақты мәлімет берілген еді.

  Кәрі құрлықта осымен 38-ші рет өтіп отырған көрмеде Қазақстандық павильонға келуші қонақтарды қазақ халқының тарихы, мәдениеті, туристік әлеуетімен таныстырып, оларға ұлттық тағамдардан, берекелі қазақ жерінің өнімдерінен ауыз тигізді. Осы шара аясында жыл сайын кем дегенде 2,5 млрд фунт-стерлинг көлемінде келісім-шарт жасалады екен. Биылғы көрмеге Қазақстаннан 20-ға жуық туристік компаниялар қатысты. Олардың арасында «Есік» қорық-музейі Қазақстан атынан барған жалғыз музей болғанын айта кеткеніміз жөн.

«Есік» қорық-музейінің көрмесін тамашалаушы қонақтар да халқымыздың көне тарихымен, мәдениетімен танысып, өз таңданыстарын білдіріп жатты. Көрме қонақтарына кәдесыйлар мен түрлі мәліметтік парақшалар берілді. Осы шара нәтижесінде Еуропалықтардың Орталық Азияға, оның ішінде Қазақ елінің мақтанышы – Алтын адамға деген қызығушылықтары одан әрі арта түсті. Қазақ халқының түпкі тарихы Алтын адам дәуірімен тікелей қатысты екенін білген қарт құрлықтың саяхатты жаны сүйетін көптеген тұрғындары «Қазақ елінің Тутанхамонын», оның өмір сүрген аймағы мен табылған жерін көруге көрменің алғашқы күндері-ақ бел буды.

 

Өзгерту: 12.11.2018