Министрліктің жаңалықтары

16.05.2018

Османлы мемлекеті мен Орта Азия хандықтары қарым –қатынастарының құжаттары

Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде Юнус Эмре атындағы түрік мәдени орталығының ұйымдастыруымен және Түркияның Қазақстандағы Елшілігі, сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінің қолдауымен «Османлы мемлекеті мен Орта Азия хандықтары қарым –қатынастарының құжаттары» атты көрменің ашылу салтанаты өтті.

Аталған көрме «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылады.  Көрмеге Османлы мемлекеті мен Орта Азия хандықтарының қарым-қатынастарын баяндайтын 40  құжат қойылады. Олардың барлығы Түркия мемлекетіне қарасты Османлы мұрағатынан алынған. Құжаттар арасында Қазақ ханы Мұхаммет Қайып хан мен Османлы сұлтанының 1713 жылы жазылған хаттары сияқты деректер Қазақстан халқына тұңғыш рет ұсынылды.

Түркияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Невзат Уянык: «Өткен жылы Қазақстан мен Түркия мемлекеті арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 25 жылдығын мақтанышпен атап өттік. Қазақстан тәуелсіздігін алғаш болып мойындаған ел ретінде тарихы, тілі, діні, ділі, мәдениеті ортақ екі мемлекеттің қарым-қатынасының күн сайын нығайуы көкірегімізде үлкен мақтаныш сезімін ұялатады. Түркия мен Орта Азияның байланыстары жаңа тарихтың еншісіндегі дүниелер емес. Осман мемлекеті ХVI ғасырлардан бері бұл өлкеге қызығушылық танытып, Орта Азяның Бұқар, Қоқан, Хиуа, Самарқан сынды хандықтарына өз елшілерін жіберу арқылы бауырлас елдермен саяси-экономикалық, мәдени қатынастарын дамытуға үлес қосып отырған. Осындай ортақ терең тарихымыздың аса құнды деректерімен бөлісу мақсатында бүгінгі шара ұйымдастырылды» деді.

          Көрмеге қойылатын хаттар арасында:

- Қазақ ханы Қайып Мұхаммедке жолданған сұлтанның хатының көшірмесі (1713 жылғы 21 тамыз);

- Қазақ ханы Қайып Мұхаммед  жолдаған он бөлек сый-сияпат тіркелген дәптердің көшірмесі (1713 жылғы  21 тамыз);

- Қазақ ханы Қайып Мұхамметтің елшісі Сейіт Мұхаммедқұл бей тапсырған хаттың аудармасының көшірмесі (1714 жыл 16 қаңтар);

- Қазақ ханы Қайып Мұхаммедтің елшісі Мұхаммед құлдың ауызша сәлемінің қағазға түсірілген нұсқасы (1714 жылғы 16 қаңтар);

- Қазақ ханы Қайып Мұхаммедтен келген хаттың көшірмесі (хатта Османлы мемлекетінің шынайы досы екендері, әр дайым дұға ететіндері туралы жазылған, 1716 жылғы  14 желтоқсан);

-  М. Лессардың Орта Азия саяхаты туралы «Central Asia No1» деп аталатын рапортының таныстырылымы (1883 жыл);

-  Түркістан аймағының Берлинде басылған картасы (1862 жыл) тәрізді маңызды құжаттар бар.

ҚР Ұлттық музейі директорының орынбасары Абай Сатубалдин: «Түркия ең алғаш Тәуелсіздігімізді танып, бірінші болып құттықтаған ел екені анық. Шын туысқан, шын жанашыр деп қабылдаймыз. Түрік бауырларымызбен тіліміз жақын, тілегіміз бір. Тағдырымыз ұқсас, тарихымыз ортақ. Қазақстан мен Түркия арасындағы ынтымақтастық жыл сайын барлық салада барынша тереңдей түсуде. Бұл көрмеге 40 құжат қойылып отыр. Көрмеден құнды деректер мен маңызды мәліметтер ала аласыздар деген ойдамыз» деп өз пікірін білдірді.

Көрмеге қойылған экспонаттардың арасында Түркия Мемлекеттік архивінің тартуы ретінде  қазақтардың Түркияға көшіне қатысты қосымша құжаттар да бар. «Османлы мемлекеті мен Орта Азия хандықтары қарым–қатынастары құжаттарының» көрмесі 20 мамырға дейін жалғасады.

Өзгерту: 16.05.2018