Министрліктің жаңалықтары

12.02.2018

Қоғам қайраткерлері дарынды балалармен кездесті

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын халық арасында насихаттау, негізгі идеясын түсіндіру мақсатында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Әкімшілік департаменті директоры Еренай Даржибаев, Қоғам қайраткері, ғалым-философ, академик Ғарифолла Есім,  мемлекет және қоғам қайраткері, саясаттанушы Берік Әбдіғали және Даңқты спортшы олимпиаданың екі дүркін чемпионы Илья Ильин Астана қаласы «Дарынды ұл балаларға арналған қазақ-түрік лицей интернаты» мемлекеттік мекемесінің оқушыларымен кездесу өткізді.

«Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы бүкіл қазақ даласында кең орын алып отырған дүние» деп сөз бастаған «Қасиетті Қазақстан» ғылыми зерттеу орталығының директоры Берік Әбдіғали мақаланың түпкі мақсаты — елдің бірлігі мен ынтымағын сақтау, дамыған елдердің қатарына қосу, ал бұған Қазақстанның әрбір азаматы жауапты екенін ұғындыру болып табылатындығын атап өтті. Сондай-ақ, қазіргі жаһандану заманында қазақ елі ата-баба жолымен өзінің салт-дәстүрін, өмір сүру қағидаларын, қазақы менталитетін, жалпы айтқанда ұлттық құндылықтарын сақтап, жандандыру арқылы рухани жаңғыра алатындығын айтты. Сонау замандарда өмір сүрген би-шешендердің, жыраулардың, жалпы аузы дуалы азаматтардың өсиеттері, нақыл сөздері, қазылық шешімдерінен мысал келтіріп, қазақтықты ұмытпау қажеттігіне тоқталды.

"Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" мақаласын түсіндіру мақсатында құрылған насихаттық топтың мүшесі академик Ғарифолла Есім оқушыларға «Рухани жаңғыруды әркім өзінен бастау керек» деген қағиданы ұстанатынын айтып, «мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс» - деген оймен сөз тізгінін жалғастырды. «Сонау Құтты білек тағылымдарында, Дулат шығармаларында, одан бері Әл-Фараби, Абай, Мұхтар, Шәкәрім тағылымдарында рухани құндылыққа үлкен мән берді. Абайдың бес нәрсеге ғашық болып, бес нәрсеге асық бол деген өлеңі бәріміздің санамызда болуы керек. Біз дамыған алдыңғы қатарлы ел болу үшін тілімізді, дінімізді, рухани дәстүрімізді, мәдениетімізді дамытуымыз керек. Дамытқан кезде барлығы бір-бірімен үнемі рухани байланыста болуы шарт» - деп өз пікірін түйіндеді қоғам қайраткері.

Өзгерту: 12.02.2018