Министрліктің жаңалықтары

10.10.2017

Алматыда «Ұста» атты деректі фильмнің тұсаукесері өтті

Алматы қаласындағы ҚР Ұлттық кітапханасында, Ермек Тұрсыновтың киноклубында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша  Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсірген «Ұста» атты деректі фильмнің тұсаукесері өтті.

Деректі фильм белгілі қолөнер шебері, Қазақстан және КСРО суретшілері және дизайнерлер одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,  ұстаз, этнодизайнер Дәркембай Шоқпарұлының өмірі мен шығармашылығы туралы баяндайды. Фильмнің режиссері Мірғалым Есіркепов.

Мәдени іс-шараға Дәркембай Шоқпарұлының туыстары мен жақындары, көзкөрген замандастары мен шәкірттері, фильмнің түсіру тобы мен «Қазақфильм» киностудиясының өкілдері қатысты.

- Мен Дәркембай Шоқпарұлының тұлғалық бейнесін тереңінен танығым келді. Сондықтан да осы фильмді түсіремін деп шештім. Ол кісіні зерттей келе, ол – алдына қойған мақсатына жетуден таймайтын, батыл әрі ақжарқын адам екенін білдім. Оның өз алдына қойған бар мақсаты – өз шеберлігін игеріп, оны дамыту ғана емес, сонымен қатар, ұлттық дәстүрді сақтап, оны шәкіртеріне, ізбасар ұсталарға үйрету еді. Кеңес заманынан бері сәндік-қолданбалы өнеріне тиесілі көңіл бөлінбейді, бейнелеу өнерінің жас саласы ретінде ғана қарастырылады. Менің бірінші мамандығым – қолданбалы өнер суретшісі. Сондықтан да, Дәркембай ұстаның жұмыстары маған жақын. Ол үшін қолданылған материалдардың көркем өңделуі, оның табиғи әдемілігінің сақтап қалынуы маңызды. Сондай-ақ ұлтымыздың көне дәстүрлі өнеріне деген махаббаты ерекше байқалады, - деді режиссер Мірғалым Есіркепов.   

«Ұста» деректі фильмі өткен жылдың соңына қарай өндіріске жіберілген. Фильмнің түсірілімдері Алматы облысы Ақши ауылында өткен. Дәркембай Шоқпарұлы өмірінің соңына дейін осы ауылда тұрған және өз шеберханасын ашқан. Ақши ауылында Дәркембай Шоқпарұлы атындағы қолөнер музейі орналасқан. Музейді 2010 жылы шебердің ұлы ашқан. Сондай-ақ, түсірілімдер Дәркембай Шоқпарұлы туып өскен Еңбекшіқазақ ауданындағы Казатком ауылында өтті.

Фильм туралы

Өнер атаулының бәрі де бір қалыпқа салынып тұрған кеңес заманында Дәркембай Шоқпарұлы жойылып бара жатқан халқымыздың дәстүрлі қолданбалы өнеріне жан бітіріп, оны сақтап қалуға тырысты. Дипломдық жұмысы мен қолөнерді қатар алып жүрген ол, ауыл-ауылдарды аралап тері, ағаш, металл өңдеудің ескі тәсілдерін жазып алып, халық қолөнер шығармашылығының үлгілерін жинайды.

Он үш жасында әкесінен айырылған ол, Жетісудағы танымал қолданбалы өнер иесі – ағайын  ағасының тәрбиесінде жүріп өнерге ерте араласады. Шоқтығы биік қолөнер шеберлерінің құпия сырын мең­герген Дәркембай ұста артынан ұрпаққа мәдени мол мұра қалдырып, қазақтың дәстүрлі өнерін өз шәкірттерінің бойына сіңірді.

 

Өндіруші: Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ, ҚР мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша

Қоюшы режиссері және сценарий авторы: Мірғалым Есіркепов

Қоюшы операторы: Александр Богачев

Композиторы: Әсел Омарова

Картина директоры: Алмат Масалим

Анықтама

Дәркембай Шоқпарұлы 1946 жылы 25 мамырда Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Ақши ауылында дүниеге келді. Хас қолөнер шебері, ғалым-этнограф, Қазақстанның суретшілер мен дизайнерлер одағының мүшесі, Қазақстан Ленин комсомол сыйлығының лауреаты. 1977 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын бітірді. 1972 – 1982 жылдар аралығында Алматы қаласындағы Республикалық қолөнер мұражайында және «Қазреставрация» бірлестігінде бас суретші-реставратор ретінде қызмет атқарды. Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының доценті, «Металл және ағаш өңдеу» кафедрасының меңгерушісі. 1996 жылы «Асыл» қолөнер мектебін ашып, шәкірт тәрбиелеген. Шығармашылық жолында колөнер шебері, этнография және қазақ халқының мәдениеті тақырыбында ғылыми еңбектер жазған. «Өрім өру», «Домбыра жасау», «Бесікке бөлеу – бабалар дәстүрі» сынды басқа да еңбектердің авторы.

Режиссер туралы:

Есіркепов Мірғалым – сценарист, қоюшы суретші, телеарна және кино режиссері. 1965 жылы 11 қыркүйекте Алматы облысы, Кеген ауданы Жалаңаш ауылында дүниеге келген. Алматыдағы мемлекеттік көркем-театр институтын (қолөнер суретшісі) және Қазақ мемлекеттік театр және кино институтын бітірген (Телерна және кино режиссері).

ФИЛЬМОГРАФИЯСЫ: «Жернова» (қысқаметражды фильм, 1995 ж.), «Аспанға апарар баспалдақ» (қысқаметражды фильм, 1998 г.), «Ұлыстың ұлы күні» (деректі фильм, 2004 ж.) «Соңғы соғыстың батыры» (деректі сериал, 2005 г.) «Еліңді іздеп табу» (деректі сериал, 2006 ж.), «Адамға көп жер керек пе?» (көркем фильм, 2011 ж.), «Үш қадам жоғары» (көркем фильм, 2012 ж.), «Бейімбет Майлин» (деректі фильм, 2013 ж.), «Иштван Қоңыр» (деректі фильм, 2015 ж.), «Үмітсіз күн келмейді» (деректі фильм, 2016 ж.), «Ұста» (деректі фильм).

МАРАПАТТАРЫ:

- «Аспанға апарар баспалдақ» (1998) қысқаметражды фильмі І  Орталық Азияның тәуелсіз кино фестивалінде киносыншылар жүлдесін алды;

- «Адамға қанша жер керек» көркем фильмі «Әдебиет және кино» кинофестивалінде «Үздік дебют» жүлдесін алған, Қазан, Алматы, Таллин қалаларында өткен фестивальдерге қатысқан;

- «Үш қадам жоғары» фильмі  VIII халықаралық мұсылмандар киносы фестивалінде тұсауы кесілді; «Шәкен жұлдыздары» фестивалінде киносыншылар және фестиваль басшылығының арнайы жүлдесімен марапатталған (2013);

- «Мир» телеарнасында көрсетілген «Соңғы соғыстың батыры» деректі фильмі (2004-2005) «Үздік бағдарламалар» байқауында қазылар алқасының жүлдесімен марапатталған;

- «Еліңді іздеп табу»  фильмі «Алтын жұлдыз - 2006» ұлттық жүлдесімен марапатталған.

Өзгерту: 10.10.2017