Министрліктің жаңалықтары

16.07.2017

Алакөлдегі дуатлон жарысының жеңімпаздары анықталды

Алакөлдегі дуатлон жарысының жеңімпаздары анықталды

Жетісу жеріндегі Алакөл жағалауында дуатлоннан ұйымдастырылған жарыс өз мәресіне жетті. Жеңімпаздар жас ерекшеліктеріне байланысты үш санат бойынша марапатталды.

16-29 жас аралығындағылар арасында бірінші орынды Құдайберген Зейноллаев, 30-39 жас аралығында - Қайрат Шаймурдин, 40-49 жас аралығында Сәбит Таймекенов қанжығалады. Мәре сызығын бірінші болып кескен жеңімпаздар мен екінші, үшінші орын иелеріне арнайы алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді. Жүлделерді ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Олимпиада чемпиондары мен эстрада жұлдыздары табыстады.

Жарысқа қатысып, бұқаралық спорттың дамуына өз үлестерін қосқан кішкентай балалар да елеусіз қалмады. Темірқұловтар жанұясының кішкентайлары Әлім мен Әділ Арыстанбек Мұхамедиұлының қолынан сыйлық алып, мәре-сәре болды. Балаларға ұялы телефон сыйлыққа берілді. Спорттық сайысты тамашалауға көл жағалауында демалып жатқан туристер де көптеп жиналды. Шара барысында жарыспен қатар концерт те ұйымдастырылды. Кештің көркін Жеңіс Сейдоллаұлы, «НұрМұқасан» тобының мүшесі Мұқасан Шахзадаевтар қыздырды. Айта кету керек, «Алакөл - 2017» облыстық дуатлон жарысына 70-ке жуық адам қатысты. Спортшылар 14 шақырым жолдың бір бөлігін жүгіріп, бір бөлігін велосипедпен жүріп өтті.

http://www.inform.kz/kaz/article/3045893

Өзгерту: 17.07.2017