Министрліктің жаңалықтары

17.06.2017

Астанада «Мемлекеттік тіл және БАҚ» республикалық конкурсының жеңімпаздары марапатталды

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті мемлекеттік тіл саясатын бұқаралық ақпарат құралдарында насихатталу белсенділігін арттыру мақсатында Журналистер күніне орай 2017 жылғы 16 маусымда «Мемлекеттік тіл және БАҚ» атты республикалық конкурсының жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімін ұйымдастырып өткізді.

Іс-шара  Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Серікқазыұлының құттықтау сөзімен ашылды. Журналистер күніне орай ұйымдастырылған іс-шара «Мемлекеттік тіл және БАҚ» конкурсының жеңімпаздарын марапаттаумен жалғасты.

Республикалық конкурсқа еліміздің өңірлерінен 100-ден аса материал келіп түсті. Конкурсқа мемлекеттік тілдің қызмет ету аясын кеңейту, мәртебесін нығайту және оның қазіргі ахуалы туралы өзекті материалдар жариялаған журналистер қатысты.

Конкурста 2016 жылғы 10 маусым мен 2017 жылғы 5 маусым аралығында қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген жарияланымдар, эфирден өткен хабарлар қамтылды.

Конкурстың ережесіне сәйкес келіп түскен материалдар «Үздік мақала», «Үздік телебағдарлама», «Үздік радиобағдарлама», «Үздік сайт мақаласы» номинациялары бойынша 4 бағытта бағаланды.

Rонкурсқа келіп түскен материалдарды елімізге белгілі қаламгер, журналистерден құрылған арнайы қазылар алқасы сараптап, жеңімпаздарды анықтады. Конкурс қорытындысы бойынша Бас жүлдені облыстық «Жетісу» телеарнасының редакторы Әбітаева Меруерт Мұратбекқызы иеленді. «Үздік мақала» номинациясы бойынша 1-орынды «Астана ақшамы» газетінің тілшісі Рахманова Гүлжан Оралбайқызы, 2-орынды «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің шолушысы Омарханов Ғалым Орынбасарұлы, 3-орынды Павлодар облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің тілшісі Нұржайна Шодыр жеңіп алса, «Үздік сайт мақаласы» номинациясы бойынша 1-орынды «Айқын» республикалық қоғамдық-саяси газеті ақпарат және спорт бөлімінің редакторы  Байдәулет  Қаншайым Мәуленқызы, 2-орынды «Қоғамдық келісім» РММ баспасөз қызметінің жетекші сарапшысы Әлпейісова Камал Әбілқасымқызы, 3-орынды «Үркер.кз» сайтының тілшісі Нұрлан Құмар Бақдәулетұлы иеленді. Сондай-ақ «Үздік телебағдарлама» номинациясы бойынша 1-орынды «Қазақстан-Шымкент» телеарна журналисі Байтасов Төребек Төрекелдіұлы, 2-орынды «Қазақстан-Атырау» телеарна журналисі Сисеналиева Шолпан Абатовна, 3-орынды «Хабар» агенттігі кешкі жаңалықтар қызметінің тілшісі Жылқайдарова Индира Орынбайқызы жеңіп алса, «Үздік радиобағдарлама» номинациясы бойынша «Халық» радиосы тілшісі Сыбанжанова Раушан Сейітханқызы, 2-орынды «Қазақ» радиосы тілшісі Жанұзақов Жанат Жүсіпұлы, 3-орынды «Халық» радиосы тілшісі Қобжанова Гүлсім Сағатқызы иеленді. Барлық жеңімпаздарға дипломдармен қатар ақшалай сыйлықтар берілді.

Дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіліп жүрген бұл іс-шара мемлекеттік тіл саясатын насихаттау белсенділігін арттырып, тиісінше тіліміздің дамуына септігін тигізетіні сөзсіз.

Осындай айтулы күнде журналистер қауымын кәсіби мерекелерімен құттықтай отырып, шығармашылық табыс, жағымды жаңалықтар мен шығармашылық табыстар тілейміз.

Өзгерту: 19.06.2017