Министрліктің жаңалықтары

19.04.2017

KITF -2017 көрмесінде Қазақстандағы Қытайдың туризм жылы салтанатты түрде басталды

Алматы қаласында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі,  UNWTO бүкіләлемдік туристік ұйымы мен Алматы әкімдігінің қолдауымен 17-ші Қазақстандық Халықаралық «Туризм және саяхат» туристік көрмесі ашылды. «Туризм және саяхат» туристік көрмесінің ашылу шеңберінде Қазақстандағы Қытайдың туризм жылы салтанатты түрде Алматы қаласында басталады.

Ұйымдастырушылар атап өткендей, бұл туризм саласындағы екі ел арасындағы ауқымды іс-шаралар толқыны. «Қазақстандағы Қытайдың туризм жылы Қазақстандағы ішкі туризмнің дамуы үшін серпін беріп, туристік кластерлердің гүлденуіне септігін тигізетіндігіне сенімдімін» - деп атап өтті ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Ол сондай-ақ, Қазақстан әлем туристерінің зор қызығушылығын тудырып отырғандығын атап өтті. Бұған Қысқы Универсиада мен ЭКСПО-2017 сияқты ауқымды шараларды өткізу әсер ететіндігі сөзсіз.

«Екі елдің басшылары осы жылды Қазақстандағы Қытайдың туризм жылы деп белгілегендіктен, бұл шараны жоғарғы деңгейде өткізу маңызды. Біз туризм саласында осындай деңгейдегі шараны алғашқы рет өткізудеміз. Мен ашылу салтанатына арнайы ат басын бұрған ҚХР-дың Туризм істері бойынша мемлекеттік басқарма басшысының орынбасары Ду Цзяньнің келгеніне алғыс білдіремін» - деп атап өтті министр.

Көрменің ашылуына және Қазақстандағы Қытайдың туризм жылының басталуына арнайы келген ҚХР-дың Туризм істері бойынша мемлекеттік басқарма басшысы Ду Цзянь биылғы жыл екі елдің ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтеретінін айтты.

ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Қазақстандағы Қытайдың туризм жылын өткізуге байланысты журналистердің бірқатар сұрақтарына жауап берді.

Қазақстандағы Қытайдың туризм жылы шеңберінде елімізде бірқатар ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылады. Оның ішінде, көрмелер, таныстыру жиындары, Қазақстанға қосымша турлар ұйымдастыру шаралары кіреді. Министр Қазақстанның Қытайдан келетін туристер ағынын қарсы алуға дайындығы турады пікірін білдірді.

«Ал қызмет көрсетуге келсек, біз ауқымды халықаралық іс-шарала 2017 жылғы Қысқы Универсиаданы абыроймен өткіздік. Спортшылар, делегаттар мен жанкүйерлер тазалық, сапалы қызмет көрсету мен еліміз табиғатының байлығы, әсемдігі жөнінде жағымды пікірлер қалдырды. Ал, тілдік кедергілерге тоқталсақ, А. Мұхамедиұлы уайымдамауды өтінді. Қазақстандықтардың басым бөлігі көптеген тілдерді, оның ішінде қытай тілін меңгерген.

Министр сондай-ақ, қытайлық делегацияның қатысуымен өткен ресми іс-шараға тоқталды. «Қытайда туризм жақсы дамыған, сондықтан болар әлемде қытайлық саяхатшылар қызығушылық тудырады. Қытайлық туристердің Қазақстанға келуінің тағы бір себебі, Қазақстан қытайлық «I am a singer» ұлттық конкурсының қатысушысы Димаш Құдайбергеннің отаны. Осыдан үш күн бұрын Қытайдың вице-министрінің төрағалығымен ресми делегация келіп кеткен болаты. Олар Димаштай дарынды тәрбиелеген елді өз көздерімен көріп қайтты. Біз қонақтар мен саяхатшыларды күтеміз» - деп атап өтті Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Өзгерту: 19.04.2017