Жаңалықтар

27.06.2017

Димаш Құдайбергеннің Астанадағы жеке концерті (Астана, 2017ж. 27 маусым)

Димаш Құдайбергеннің Астанадағы жеке концерті (Астана, 2017ж. 27 маусым)

27 маусым, 2017. Астана. Бүгін Астана арена стадионында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт Министрлігі алғаш рет «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Димаш Құдайбергеннің «Bastau Live show. Димаш Кұдайберген шақырады» атты концертін өткізеді. Ауқымы бойынша концерт ЭКСПО-2017 мамандандырылған халықаралық көрмесі аясында ең жарқын мәдени іс-шаралардың бірі болмақ.

Димаш Құдайберген – «Дарын» Мемлекеттік жастар жүлдесі, «Халық қалауы» ұлттық жүлдесінің иегері, Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан халқының бірлігін нығайтуға қосқан үлесі үшін» Құрмет грамотасымен марапатталған. 2016 жылы Димаш Құдайберген Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендиясының иегері атанды.

Әншінің өзіне тән ерекші үні Қазақстанда ғана емес, дүниежүзінің миллиондаған тыңдармандарының жүрегін жаулады.  Витебскте өткен «Славян базары-2015» шығармашылық байқауындағы жеңісінен соң Димаштың танымалдылығы арта түсті. Сол жылы ол Стамбул қаласында өткен «ABU TV song» Халықаралық Азия-Тынық мұхит елдері телефестивалінде алғаш рет Қазақстанның атынан қатысты.

Димаш Құдайбергеннің Қытайда өткен «I am a singer» ірі телевизиялық байқауында өнер көрсетуі нағыз сенсация болды. Жас әншінің ешкімге ұқсамайтын, қайталанбас дауысы тек Қазақстандағы ғана емес, шетелдің миллиондаған тыңдармандарының жүрегінен бірден орын алды. Димаш қытайлық «I am a singer» кәсіби әншілердің телевизиялық конкурсында вокалдық таңғажайып өнер көрсетіп, жүлделі ІІ орынға ие болды.

#Bastau шоуы – жаңа қазақстандық жұлдыз Димаш Құдайбергеннің музыкалық қойылымы. Бұл концерттің болатындығы жөнінде Қытайда өткен «I am a singer» ірі телевизиялық байқауының финалына дейін министр Арыстанбек Мұхамедиұлы айтқан болатын.  Мұндай ауқымды шоу отандық өнер тарихында болмағандығын атап өтуге болады.

Концертте қазақстандық композиторлардың әндері, Димаштың жеке әндері, және түрлі әлемдік хиттер орындалады.

«Концерттік бағдарлама Димаштың орындауына және авторлық туындыларына бағытталған. Димаш опералық, академиялық орындаушы ретінде ғана емес, тамаша эстарадалық әнші ретінде өз өнерін көрсетеді. Димаш  кез келген жанрда мықты әнші» - дейді шоудың бас режиссері Андрей Еремин.

Концертке шетелдің орындаушылары қатысады. Танымал ресейлік әнші Кристина Орбакайте Димашпен бірге әйгілі «Метель» әнін орындайды. «I am a singer» жобасына Димашпен бірге қатысқан қытайлық әнші  Терри Лин де бірінші болып шақыруға жауап берді. Қонақтар  арасында - швециялық әнші Лорин, сондай-ақ британиялық танымал әнші Элит-Бекстор Софи бар. Шоудың қазақстандық қонағы Майра Мұхамедқызы Димашпен басты дуэттердің бірін орындайды. 

Шоу белгілері әр элементте қарастырылған. Димаштың сахнаға шығуының өзі әдемі үйлесімін табады. Шоудың басты кейіпкері – орындаушы.  

 

 

Өзгерту: 29.07.2017