Жаңалықтар

30.06.2017

Кеген маңында «Балуан Шолақ» фильмі үшін арнайы Қызылжар жәрмеңкесі тұрғызылды (Астана, 2017ж. 30 маусым)

Кеген маңында «Балуан Шолақ» фильмі үшін арнайы Қызылжар жәрмеңкесі тұрғызылды (Астана, 2017ж. 30 маусым)

Алматы облысы Райымбек ауданына қарасты Кеген ауылының маңында «Балуан Шолақ» толықметражды көркем фильмі үшін арнайы Қызылжар жәрмеңкесі тұрғызылды. Бұл декорацияда режиссер Нұргелді Садығұлов бастаған түсірілім тобы фильмнің негізгі сахнасын түсіруде. Аты аңызға айналған балуан осы жәрмеңкеде Балуан Шолақ есіміне ие болады. Фильмді Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсіріп жатыр.

«Егер ол тек балуан болса, онда мен спортқа негізделген экшн фильм жасайтын едім. Ол тек халық композиторы болғанында, онда шығармашылықтың адамы туралы лирикалық фильм түсірер едім. Алайда Балуан Шолақ «сегіз қырлы, бір сырлы» тұлға, бойына түрлі өнер дарыған адам болғандықтан, фильмде оның образын көрсету қиынға соқпақ. Десе де осы фильмді көрермен алдына ұсыну үшін барымызды салып жатырмыз» - деді фильмнің режиссері Нұргелді Садығұлов.

Фильмнің қоюшы-суретшісі Ержан Сүлейменовтың айтуы бойынша декорацияларды екі айдың ішінде тұрғызған. Суретшілер департаменті жәрмеңкені архив материалдары мен суреттер негізінде жасап шыққан. Басты кейіпкерлер – Балуан Шолақ, Ғалия, Балқадиша және Татьянаның киімдері костюм жөніндегі суретші Меруерт Торыбаеваның эскиздері бойынша тігілген. Реквизиторлар тобы кинода қолданылатын әрбір затты тыңғылықты таңдай білген.

Режиссер фильмнің бас кейіпкері – Балуан Шолақтың рөліне актерді көп іздеген. Кастингке кәсіби актерлермен қатар спортшылар да қатысқан. Бірінің дене пішіні сәйкес келмесе, екіншілерінің образ жасауда шеберлігі жетпеген. Көп сынақтардан соң Балуан Шолақтың рөліне актер Еркебұлан Дайыров бекітілген. Балуанның образына сәйкес келуі үшін актер күрестен дәріс алып, он килограмм салмақ қосқан.

«Осы рөлге мені таңдағаны үшін режиссерге алғысым шексіз. Ұлтымыздың мақтанышына айналған Балуан Шолақтай тұлғаның образын жасау – әркімге бұйыра бермейтін бақ. Бұл рөл физикалық және психологиялық тұрғыдан қиынға соғатынын жасырмаймын. Алайда, образды алып шығам деп сенем. Десе де, мен үшін ең қиыны – махаббат сахналары. Өйткені ондай сахналарды жасаудан ұялам» - деді Еркебұлан Дайыров.

Фильмге Еркебұлан Дайыровпен бірге еліміздің танымал актері Болат Әбділманов пен жас актриса Жанел Мақажан түседі.

Естеріңізге сала кетейік, киносценарий жазушы, драматург Дулат Исабековтың М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында сахналанған «Жаужүрек» пьесасының желісі бойынша жазылған.

Қазіргі таңда фильмнің жартысы түсірілген. Көпшілік сахналарға үш жүзге жуық адам қатысқан. Кегендегі түсірілімдерден соң, түсіру тобы Көкшетау мен Павлодар қалаларына аттанады.

Өзгерту: 29.07.2017