Жаңалықтар

05.07.2017

Режиссер «Қыз Жібек» спектаклінен жаңа әсер алуға уәде берді (Астана, 2017 ж. 5 шілде)

Режиссер «Қыз Жібек» спектаклінен жаңа әсер алуға уәде берді (Астана, 2017 ж. 5 шілде)

5 шілде, Астана. Ұлттық музыкалық өнер жауһары – Е.Брусиловскийдің тұңғыш қазақша «Қыз Жібек» операсын ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, «Қазақ әуендері» АҚ және «Астана Опера» мемлекеттік театрыашық аспан астында ұсынатын болады. Спектакль Бейбітшілік және Келісім сарайы жанындағы алаңда 5 шілде өтеді. Спектакль ЭКСПО-2017 мәдени бағдарламасына енгізілген.

Жібек пен Төлегеннің қайғылы махаббаты жайлы ұлттық лиро-эпостық жырмен аттас либретто авторы – аса көрнекті драматург әрі жазушы Ғабит Мүсірепов. Қайғылы махаббат туралы аңыздың жыр жолдарында көшпелі қазақтардың рухани өмірі, олардың ой-қиялдары мен арман-мүдделері бейнеленген.

- Спектакльдің ашық кеңістіктегі жанры жаңа режиссерлік мүмкіндіктерге жол ашады. Виктор Караренің басшылығымен театрдың техникалық қызметі аса зор жұмысты жүзеге асырды. Open air көрермен қауымға мүлде жаңа әсер сыйлайды. Спектакль ерекше көріністігі арқасында шоу кейпіне енеді. Қоюшы-дирижер Абзал Мұхитдинов музыкалық материалмен ауқымды жұмыс атқарды. Бірақ біз барынша қоюшы-режиссер Михаил Панджавидзенің идеясын сақтауға тырыстық – деп атап өтті ашық аспан астындағы спектакльдің режиссері Еренбек Тойкенов. 

Басты партияларда – театрдың жетекші солистері. Осы кеште Жібекті сомдайтын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жаннат Бақтай, ал Төлегеннің партиясын әзірлеп жатқан – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Медет Шотабаев. Бекежан рөлінде – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сүндет Байғожин.

Еске салар болсақ, басты партияларды әр жылдары КСРО Халық әртістері К.Бәйсейітова, Р.Жаманова, Б.Төлегенова, Қазақ КСР Халық әртістері – К.Бәйсейітов, М.Ержанов, Ғ.Құрманғалиев, Қазақстанның халық әртісі Н.Үсенбаева және тағы басқалары орындаған болатын.

Қоюшы-дирижер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов. Қоюшы-режиссер – Михаил Панджавидзе (Беларусь), қоюшы-суретшілер – Софья Тасмағамбетова/Павел Драгунов, хормейстер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Даутов, қоюшы-балетмейстер – Мукарам Авахри, проекциялар бойынша суретші – Павел Суворов (Ресей), жарық бойынша қоюшы – Сергей Шевченок (Ресей). Кеңесші – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, философия докторы (PhD) Асхат Маемиров.

 

Өзгерту: 29.07.2017