Жаңалықтар

11.07.2017

Мәдениет және спорт министрі «Есік» Мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде болды (Астана, 2017 ж. 11 шілде)

Мәдениет және спорт министрі «Есік» Мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде болды (Астана, 2017 ж. 11 шілде)

11 шілде, 2017. Есік, Алматы облысы. Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы жұмыс сапарымен «Есік» Мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде болды. Ведомства басшысы  қорық-музей жұмысымен және қорық-музейдегі халықаралық экспедициялардың  жұмыс барысымен танысты.

Жұмыс бабындағы іс-сапар барысында А. Мұхамедиұлы Талхиз, Рахат және Өрнек ежелгі қалашықтарында болып, соңғы экспедиция жұмыстары кезінде табылған жаңа олжалармен толықтырылған қорық-музей экспозициясымен танысты,  сондай-ақ қазақстандық археологтармен кездесті.

«Есік» Мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен іске асқан Ұлттық Стратегиялық «Мәдени мұра» жобасы аясында ҚР Министрлер кабинетінің 2010 жылдың 30 қаңтарындағы №43 Қаулысы негізінде құрылды. Қорық-музей Қазақстанның ең әйгілі археологиялық олжасы – «Алтын адам» табылған Есік қорымы аумағында орналасқан.  Өзінің аса бай мұрасымен таң қалдыратын сақ ханзадасының бұл қабірі біздің заманымызға дейін тоналмай жеткен Орталық Азиядағы бірден-бір жерлеу орны екенімен де аса құнды. Ежелгі тайпалардың сакралды ойларын бейнелейтін «Алтын адамның» салтанат киімін әрлеген әшекейлер мен ескерткіштегі басқа да артефактілер Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерінен орын алды. 

«Қазіргі таңда жергілікті әкімдік басшылығымен Талхиз қалашығын «Есік» Мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің құзырына беру мәселесі талқылануда. Ең алдымен, жер-кадастрлық құжаттама бойынша сұрақтарды шешіп алуымыз қажет. Біз сондай-ақ, туристердің мәдени-тарихи нысандарға келу қолайлығы үшін инфрақұрылым мен коммуникацияны жетілдіру мәселелерін талқыладық. Мысалы, бүгінгі таңда туристерге сапалы қызмет көрсететін визит-орталықтарды құру мәселесі көкейкесті» - деп хабарлады министр.

2017 жылдың 7 шілдесінде «Есік» қорық-музейінің ҚХР Шәнси аймағындағы Археология институтымен бірлескен Рахат қалашығында жүргізген жұмыстарының алғашқы кезеңі аяқталды. Археологиялық барлау жұмыстарының нәтижесінде ерте темір дәуірінен бастап орта ғасырға дейінгі аралықтағы заттар табылды. Барлау жұмыстарының нәтижесінде табылған қыш күйдіруге арналған пештердің бірі сол жердегі төбелердің адам қолымен жасалғандығы туралы болжамды растады. Қытайлық мамандармен бірлескен барлау жұмыстары 5 жылға жоспарланған. 

2017 жылдың мамыр-маусым айларында Өрікті қорымында аңызға айналған қазақстандық археолог Бекмұханбет Нұрмұханбетовтың құрметіне арналған қорық-музей археологтары, «Бекен Ата» қорының ұйымдастырушылары мен сан түрлі елдердің (Қазақстан, Ресей, Украина, Италия, Венгрия) еріктілері қатысқан «Нұрмұханбетов экскавейшнс!» атты тұңғыш Халықтық экспедиция ұйымдастырылды. Экспедиция нәтижесінде б.з.д. IV-III ғғ. жататын үш алтын моншақ, темір түйреуіш пен сүйек қалдықтары табылды. 

2016 жылы «Есік» қорық-музейі археологтарының кореялық мамандармен біріге отырып Өрнек обасында жүргізген жұмыстары қыш ыдыстар мен алтын әшекейлері бар сақ дәуіріне жататын әйел қабірінің табылуымен есте қалды.  Қорық-музей археологтарымен бірге төмендегідей Оңтүстік Кореялық бес ғылыми-зерттеу мекемесінің өкілдері жұмыс істеді: Daehan (Дахан) мәдени құндылықтар институты, Маһан мәдени құндылықтарды зерттеу институты, Орталық мәдени мұра институты, DOHG-SEO мәдени құндылықтар институты, Сеул Ұлттық университетінің тарихи зерттеулер институты. 2017 жылдың 8 шілдесінде корей мамандармен бірлескен зерттеу жұмыстарының екінші кезеңі басталды.  Бұл жолғы зерттеу жұмыстары Рахат шатқалында жүзеге асырылады. 

«Қазіргі таңда біз ортақ зерттеу жұмыстарының екінші кезеңіне өтудеміз. Бұл жұмыстар корейлік мамандармен бірлесе Рахат қалашығында өтетін болады,  «Есік» қорық-музейі археологиялық қазбаларды жүргізуге республикалық және шетелдік ұйымдармен шарттық қарым-қатынастар орнатылып, қазіргі таңда Оңтүстік Корея және ҚХР ғылыми ұйымдарымен ортақ жұмыстар жалғасуда.   Қазіргі таңда қоғамның рухани жаңғыруы бойынша Елбасы қойған міндеттер аясында археологиялық жұмыстарды жандандыруымыз қахет. «Қазақстанның киелі жерлері» арнайы жобасын іске асыру аясында біз Қазақстанның мәдени-географиялық белдеуін және киелі картасын қалыптастырамыз» - деді А. Мұхамедиұлы.

 

Өзгерту: 29.07.2017