Жаңалықтар

03.07.2017

Астанада Эрмитаж қорынан көне қару-жарақ көрмесі ашылды (Астана, 2017 ж. 3 шілде)

Астанада Эрмитаж қорынан көне қару-жарақ көрмесі ашылды (Астана, 2017 ж. 3 шілде)

3 шілде, 2017. Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде Халықаралық мамандандырылған «ЭКСПО-2017» көрмесіне орайластырылып «Шығыс және Батыс: мемлекеттік Эрмитаж қорынан көне қару-жарақ» атты көрмесі өтті.

Шараға ҚР Мемлекеттік хатшысы Г. Әбдіқалықова, Мәдениет және спорт министрі А. Мұхамедиұлы, ҚР Парламент депутаттары, мемлекеттік органдар, дипломатиялық корпус өкілдері, ЭКСПО-2017 көрмесінің шетелдік қонақтары мен ғылыми интелегенция қатысты.

Көрменің ашылу салтанатында алғашқы сөз алған ҚР Мемлекеттік хатшысы Г. Әбдіқалықова:

«Ресей мен Қазақстан арасындағы байланыс тарихтың терең қойнауларынан басталып, бүгінгі күнге дейін қаймағы бұзылмай келеді. Бұл – екі ел арасындағы бір-біріне деген сенімділіктің арқасы. Бүгінгі көрме сол екі ел арасындағы үлкен достықтың тағы бір көрінісі және біздің еліміз үшін үлкен мәдени жаңалық. Осы көрмеге қойылып отырған қару-жарақтарға қарап, олардың жасалу мақсаттарына байланысты қолданылмай, өнер туындысы ретінде көріп отырғанымызға шын қуаныштымыз», - деді.

Көрменің мақсаты: келушілерді Эрмитаж қорындағы қару-жарақ шеберлігінің жауһарымен таныстыру. Көрме келушілерге қару-жарақ істерінің кұпияларына батып шығуға; Батыста және Шығыста өнердің дамуы мен тарихы, қару-жарақ түрлері, оның өндіріс орталықтары туралы білуге және атақты қару-жарақ шеберлерімен танысуға көмектеседі.

Ресей Федерациясының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі М. Бочарников өз сөзінде:

«Өздеріңізге белгілі Эрмитаж Ресейдің Санкт-Петербург қаласында орналасқан әлемдік музей. Мен ойлаймын, Санкт-Петербург қаласы мен Астана қаласының арасында ұқсастықтар өте көп. Мысалы, Санкт-Петербург елдің астанасы болу үшін мемлекет басшысының арнайы тапсырысымен салынған. Астана да солай. Екі қала да өзеннің бойында орналасқан. Және ең бастысы екі қалада да екі мемлекеттің ең үздік музейлері орналасқан. Біздің елдің ең керемет музейінен сіздердің Ұлттық музейлеріңізге бүгінгі әкелінген көрме үлкен қызығушылық тудырады деген үміттемін. Өйткені, бұл екі елдің ғана емес, Шығыс пен Батыс деп аталатын екі өркениеттің тарихы және мәдениеті көрініс тапқан көрме болмақ», - деп өз ойын жеткізді.   

Көрменің хронологиялық шеңбері қару-жарақ қолөнерінің ауқымды тарихи кезеңін, XV ғасырдан бастап XIX ғасырдың соңына дейінгі аралықты, яғни 400 жылдан астам уақытты қамтиды.

Көрмеде 70-ке жуық қару-жарақ өнерінің туындылары қойылған. Олардың ішінде Түркия, Иран, Үндістан, Жапония, Франция, Италия, Германия, Испания  және т.б. елдердің соғыс, аңшылық және салтанатты қарулары бар.

Көрме экспонаттары қару-жарақ шеберлерінің сәндік-қолданбалы өнердің дамуына қосқан үлесіне баға беруге, сол сияқты қару-жарақтың үздік үлгілері арқылы олардың іскерлігі мен сұлулығының үйлесу жарасымдылығын көрсетеді. Қару-жарақ зерінде техникалық жабдықтарының дамуы мен жоғары мәдени деңгейі музейге келушілерді таң қалдырады. Көрсетілген бұйымдар өзінің практикалық маңыздылығын жоғалтып алса да, оларды безендірудің жоғары мәдени деңгейі қару-жарақтың тарихы мен дамуы және бұрынғы қару-жарақ ұсталарының таланты мен шеберлігі туралы айтып береді.

 

Өзгерту: 29.07.2017