Жаңалықтар

20.03.2017

Құрметті достар!

Құрметті достар!

Сіздерді көктемнің ең жарқын мейрамы, Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!      

Наурыз – барша түркі әлемінде тойланатын ең көне мерекелердің бірі. Көне парсы тілінен аударғанда, «Наурыз» ұғымы «Жаңа күн», яғни жаңа жылдың басын білдіреді.

Наурыз – қыстың қаһарлы суықтарынан кейін табиғатта барша тірлік көзінің жанданып, күн мен түннің теңесетін мереке. Бұл жарқын мейрамда ескі өкпелерді ұмытып, бар жамандықты ескіде қалдыру дәстүрге айналған. Табиғаттың жандануымен жаңа үміттер мен армандар туатын кез.

Ұлыстың Ұлы күні ұлты, нәсілі, діни көзқарастарына қарамастан еліміздің тұрғындары жаппай көктем жылуына қуанып, бір-бірін құттықтап, үлкен ақ дастарханның басында жиналады. Әр қазақстандық шаңырақта мерекелі дастархан жайылып, бауырсақ, наурыз көже, бешбармақ және басқа да көптеген ұлттық тағамдардан дәм татылады.

Бұл айтулы күні барлық қазақстандық отбасыларға зор денсаулық, амандық, береке-бірлік пен бақыт тілеймін!

Ізгі ниетпен,              

ҚР Мәдениет және спорт министрі

Арыстанбек Мұхамедиұлы

Өзгерту: 21.03.2017